Қаңтар оқиғасынан кейін изоляторда күдіктіні ұрып өлтірген 7 полицей сотталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасынан кейін Алматыда изоляторда күдіктіні ұрып өлтірген полиция қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар оқиғасынан кейін изоляторда күдіктіні ұрып өлтірген 7 полицей сотталды

Алмалы аудандық соты Алматы қаласы полиция департаменті уақытша ұстау изоляторының жеті қызметкеріне қатысты өлімге әкеп соққан, басқа тұлғаларға зиян келтіру мақсатында билігін асыра пайдаланып, зорлық-зомбылық қолданды, қызметте әрекетсіздік танытты деген айып бойынша қылмыстық істі қарады.

Сотта 2022 жылдың 9 қаңтарында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдік бойынша жәбірленуші А. уақытша ұстау изоляторына жеткізілгені анықталды. Ол уақытша ұстау изоляторы камерасында азаптаудан көз жұмды.

Судья күдіктіні өлтірді деп айыпталған 7 полиция қызметкерін ҚР ҚК 146-бабы бойынша кінәлі деп таныды.

«Алты адамға 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қызметте әрекетсіздік танытқан бір қызметкер 5 жылға сотталды. Сотталушылардың барлығы полиция шенінен айырылды», - деп хабарлады Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, судья сотталушыларға марқұмның туыстарына 20 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.