Қаңтар оқиғасында ұрланған тапаншалардың бірі Жетісу облысынан табылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысында қару-жарақ пен оқ-дәрілер сақталған тағы бір орын анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат polisia.kz телеграм каналына сілтеме жасап.

Қаңтар оқиғасында ұрланған тапаншалардың бірі Жетісу облысынан табылды

13 маусымда Сарқан қаласының маңында Жетісу облысы ПД ҰҚККБ жедел қызметкерлері мен ҰҚКД қызметкерлерінің күшімен қару-жарақ сақталған орын анықталды. Полиэтилен пакетке оралған атыс қаруы мен оқ-дәрілер Сарқан-Екіаша автожолының 5-шақырымында суармалы арықтан табылған.

«7 патронмен жарақтандырылған «Байкал» тапаншасы, бір ауызды аңшылық мылтығы, 12 калибрлі шолақ мылтық, маркасы белгіленбеген, сериялық нөмірлері жоқ газ тапаншасы, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 105 патрон тәркіленді. «Байкал» тапаншасы 2022 жылы Талдықорған қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталды», - деп хабарлады Жетісу облысы ПД ҰҚККБ бастығы Сарқытбай Құсайынов.