Қаңтар трагедиясы: Алматыда ғимараттарды өртеу кезінде түсірілген жаңа видео пайда болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде қаңтар оқиғалары бейнеленген видеолардың кезекті толқыны тарап жатыр. Соның бірінде Алматыдағы мемлекеттік мекемелер отқа оранған кезде маңайында жүрген адамдар түсіп қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар трагедиясы: Алматыда ғимараттарды өртеу кезінде түсірілген жаңа видео пайда болды

Түрлі кадрлерден жинақталған видеоның басында өртеніп жатқан ғимараттың маңында қаптап жүрген адамдар тобын көруге болады. Бірі жайбарақат суретке түсіп жатса, тағы бірі танысының атын атап, иесіз қалған касканы ұсынады. Ерсілі-қарсылы адамдардың бір шетінде намазға жығылу ишаратын жасап жатқан бірнеше адамдардың сұлбасы түсіп қалған. Осы кадр кезінде «Алаху акбар» деген ұран естіледі.

Тағы бір кадрде өртеніп жатқан ғимараттың аузында бірі кіріп, бірі шығып жатқан адамдардың тобы көрінеді. Соңғы кадрден жарығы жоқ ғимараттың ішін видеоға түсіріп жүрген адамдардың өзара орыс тілінде сөйлесіп жүргенін көруге болады. Олар баспалдақта жатқан адамның жанына келген кезде кадр үзіліп кетеді.