Қаңтар тұрақтылық пен амандықтың қаншалық құнды екенін көрсетті – Талғат Қалиев
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кез келген саяси жүйеде әлеуметтік жарылыс болуы мүмкін, алайда проблеманы ол енді туындап жатқан кезде шешу керек. Мұндай пікірді Қолданбалы этносаяси зерттеулер орталығының директоры Талғат Қалиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаңтар мемлекеттіліктің қаншалықты осал, ал тұрақтылық пен амандықтың қандай құнды екенін көрсетіп берді. Басты байлығымызды жоғалтып алу өте оңай екен. Мемлекетімізді сақтау, оны бағалап, сақтау өте маңызды. Мемлекет пен қоғамның бір-бірін ести білуі де барынша маңызды. Әкімдер азаматтардың сұраныстарына, олардың қажеттілігіне жедел әрекет етіп, наразылықтардың артуына, олардың қарсылыққа айналуына жол бермеуі тиіс», - деді Талғат Қалиев.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер орталығының директоры Президенттің қоғаммен сындарлы диалогқа дайын, азаматтардың сұранысына дер уақытында әрекет ететін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдама бастамасы өзекті екенін баса айтады.
«Жергілікті жердегі шенеуніктер азаматтармен үнемі байланыста жұмыс істеу қажеттігін, туындаған әлеуметтік сұранысқа әрекет ету керектігін өте жақсы түсінуі тиіс. Мұны да Қаңтар барынша жақсы көрсетіп берген сияқты», - деді Талғат Қалиев.
Оның пайымынша, мұндай жойқын оқиға мемлекет пен қоғам арасында сына қағатын кемшіліктер жіберілген кез келген елде болуы мүмкін.
«Мұндай оқиға кез келген елде, кез келген жүйеде бола алады. Тіпті, Еуропа елдерінің өзінде үнемі наразылық туындап, соның салдарынан жұрт айналаны қиратып, тұрақсыздық сценарийлеріне ұласып жатады. АҚШ-тағы Президентті сайлаудан кейінгі Капитолийді басып алуға түрткі болған оқиғаны да айтсақ болады. Халық биліктің диалогқа дайын екенін сезінбеген кезде наразылық орын алады», - деді Талғат Қалиев.
Сарапшы қаңтар қасіретінің қайталануына жол бермеу үшін проблеманы туындаған сәтінде бірден шешіп, азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйіне мониторинг жасау, шынайы әлеуметтік сұраныс пен әлеуметтік желілердегі шынайы наразылық көңіл-күйді ажырата білу қажет екенін айтады.
«Азаматтардың нақты проблемаларына назар аударып, мәселелерді шешу, халықтың әл-ауқатын арттыратын жобаларды жүзеге асыру, жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті қолдау, жағдай жасау керек», - деді Қолданбалы этносаяси зерттеулер орталығының директоры.