Қаңтарда Алматы әкімдігі мен Президент резиденциясын басып алған 11 адамға үкім шықты

Қаңтар оқиғасы
Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаппай тәртіпсіздік пен шабуылға қатысып, күзетілетін объектілерді басып алды, сондай-ақ билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсетті (ҚК 272, 269, 380-баптары) деп айыпталған 11 сотталушының ісі қаралды.  

2022 жылдың 4-5 қаңтарында сотталушылар жаппай тәртіпсіздікке қатысып, қорғалатын объектілерге — Алматы қаласының әкімдігіне, Президент резиденциясына, полиция кеңсесіне заңсыз кірген. 

Сотталушылардың қылмыстық әрекеті мүліктің жойылуына ұласып ауыр зардаптарға әкелді.

Тәртіпсіздік барысында үш сотталушы әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне зорлық-зомбылық көрсетті.

Ал, сотталушылардың біреуі екі әскери курсантты тұтқынға алып, оларға жеңіл дене жарақатын салған. 

Сотталушылар кінәсін жартылай мойындады.

Аталған қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады.

Жаза тағайындау кезінде сот жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайды ескерді. Сотталушылардың кәмелетке толмаған балалары бары, денсаулығы, отбасылық жағдайы және бұрын сотты болмағаны есепке алынды.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып сот 10 сотталушыны ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі, 269-бабының 3-бөлігі-1), 4), 8) тармақшалары бойынша кінәлі деп тапты. 

Рақымшылық туралы заңды қолдана отырып, әрқайсысы 1 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды.

Бір сотталушы ҚК 272-бабының 2-бөлігі, 380-бабының 3-бөлігі, 1), 4), 8) тармақтары, 269-1-бабының 3-бөлігі, 261-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

Ол Рақымшылық туралы заң аясында 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар