Қаңтарда Алматы қаласында 23 балабақша ашылды - Г. Айтқұлова
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда қаңтар айында барлығы 675 орындық жаңа 23 балабақша ашылды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз брифингі барысында Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айтқұлова мәлім етті.
«Алматы қаласының әкімдігі қалада балабақшалар санын көбейту мақсатында биыл мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 24 инвестормен келісім жасасты. Соның арқасында Алматыда қаңтар айының ішінде барлығы 675 орынға шақталған жаңа 23 жеке балабақша ашылды. Олардың 14-інде мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы енгізілді. Сондай-ақ, егер оларға мемлекеттік тапсырыспен балалар орналастырылатын болса, ата-аналар айына 15 мың теңгеден артық ақша төлемейді. Ал басқа ата-аналар үшін бағаны балабақшаның иесі белгілейді», - деді Г. Айтқұлова.
Сонымен қатар, ол коммуналдық меншіктегі балабақшалар бойынша қайта есептеулер жасалғандығын жеткізді.
«Балабақша құнын бұрынғы тарифпен төлеп қойған ата-аналар үшін қазір қайта есептеулер жүргізілді. Яғни, ата-аналардың артық төлеп қойған ақшалары келесі айдың есебіне аударылатын болады. Ал балабақша құнын төлеу тетігіне келер болсақ, мекеме басшылығы айлық төлемақыларды төлеу бойынша ата-аналармен келісе отырып, банкті өздері таңдайды.
Тағы бір айта кететін жайт, биылғы жылдың наурыз және сәуір айлары ішінде Алматыда жалпы 640 орындық екі мемлекеттік балабақша пайдалануға беріледі», - деді Г. Айтқұлова.
Бүгінгі таңда Алматыда 420 бала бақша жұмыс істейді. Оларға 54 401 бала барады. Ал кезекте тұрған балалардың саны - 38 мыңнан асады.