Қаңтарда еліміздегі инфляция 1,7 пайызды құрады

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы қаңтарда еліміздегі инфляция 1,7 пайызды құрады, - деп хабарлады ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметінен.

Қаңтарда еліміздегі инфляция 1,7 пайызды құрады

Ведомствоның таратқан ақпаратына сәйкес, баға азық-түлік тауарларына өткен айда 3, азық-түлік емес тауарларға - 0,5, ақылы қызмет көрсетулерге - 1,2 пайызға өсті. Өткен айда бағаның өсуі нан және жарма өнімдеріне 1,1, ал қарақұмық жармасына - 18,6, сөкке - 4,7, арпаға - 3,2, ұнға - 1,6 пайызға белгіленді. Баға деңгейі жеміске 3,2, жаңа жиналған көкөніске - 12,1, картопқа - 26,1 пайызға жоғарылады. Баға өсімі шикі сүтке 4,5, ет және құс етіне - 4,2, жұмыртқаға - 4, май және тоңмайға - 2,8, қантқа - 2,2, ірімшік және сүзбеге - 2 пайызды құрады.

«Баға дизель отынына 2,6, бензинге - 2,5, қатты отынға - 0,8, фармацевтика өнімдеріне, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 0,5, киім мен аяқ киімге - 0,4, жеке күтімге арналған тауарларға - 0,3 пайызға жоғарылады. Жолаушылардың темір жол көлігі қызметтеріне 2,2, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарына - 0,8, пошта, мейрамханалар мен қонақ үйлердің қызметтеріне - 0,6, денсаулық сақтау қызметтеріне - 0,5 пайызға қымбаттады. Тұрғын үй коммуналдық қызмет көрсетулер саласында тарифтер ыстық суға 0,9, орталықтан жылыту және суық суға - 1,2, кәрізге - 1,7, қоқыс жинауға - 4, электр энергиясына - 6,7 пайызға өсті», - делінген баспасөз хабарламасында.