Қаңтарда инфляция 0,5 пайыз болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасында инфляция 0,5 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Статистика комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтарда инфляция 0,5 пайыз болды

Ведомство ақпаратына сәйкес, баға азық-түлік тауарларына өткен айда - 1,3%, азық-түлік емес тауарларына 0,3%-ға жоғарылады, ал ақылы қызметтерге 0,2%-ға төмендеді.

Өткен айда бағаның өсуі жаңа жиналған көкіністерге - 12,2%, жұмыртқаға - 2,1%, ірімшікке - 1,5%, күрішке - 1,3%-ға, құс етіне, жылқы етіне - 1,2%-дан, сары майға - 1,1%, шұжық өнімдеріне - 0,9%-ға, ет өнімдеріне, ұнға - 0,8%-дан, қой етіне, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдеріне - 0,7%-дан, макарон өнімдеріне, жаңа сауылған сүтке, күнбағыс майына, шошқа етіне, кондитерлік өнімдерге 0,5%-дан белгіленді. Темекі өнімдері - 3,6%, алкогольді ішімдіктер 0,8%-ға қымбаттады. Бағаның төмендеуі қант 1,4%-ға тіркелді.

Баға өсімі тоқыма бұйымдарына - 1%-ды, фармацевтикалық өнімдерге, жеке қолданатын тауарларға, жиһаз және үйге қажетті заттарға - 0,8%-дан, автомобильдерге - 0,7%, жуғыш және тазалағыш құралдарға - 0,6%, киім және аяқ киімге, тұрмыстық аспаптарға 0,5%-дан құрады. Тас көмір - 1,7%, бензин - 1,2%, баллондағы сұйытылған газ 0,3%-ға арзандады.

Баға деңгейі құқықтық, жеке көлiк құралдарын сақтандыру қызметтеріне - 5%-дан, денсаулық сақтау қызметтеріне - 0,9%-ға, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне, мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметтеріне - 0,7%-дан, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне 0,6%-ға өсті. Жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру ақысы - 7,9%, темір жол көлігімен 4,2%-ға арзандады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер орталықтан жылытуға - 3,6%, кәрізге - 2,1%, суық суға - 2%, электр энергиясына - 1,4%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға - 0,4%, қоқыс шығаруға 0,3%-ға төмендеді.