Қаңтарда Қазақстан мен Өзбекстанның энергия жүйелерінде болған апаттың себебі анықталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Энергия» үйлестіру диспетчерлік орталығының («Энергия» ҮДО) арнайы комиссиясы 2022 жылғы 25 қаңтарда болған апатқа қатысты тергеу-тексеру жұмыстарын аяқтады, оның құрамына Орталық Азияның, атап айтқанда Қазақстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның энергия жүйелері жүйелік операторларының өкілдері кірген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат «KEGOC» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссия апаттың себебін Өзбекстанның энергия жүйесінде болған ажыратылудан туындағанын анықтады – осы күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11:59-да Сырдария ЖЭС-і мен 500 кВ «Ташкент» ҚС-ны (Өзбекстан) қосатын 500 кВ жоғары вольтты әуе электр жеткізу желісінің желілік ажыратқышында қысқа тұйықталу болған.
«500 кВ шиналардың 1-ші және 2-ші жүйелерінің дифференциалды қорғаныстарының шамадан тыс жұмыс істеуі Сырдария ЖЭС-інде генерацияның айтарлықтай төмендеуіне, электр станциясына іргелес электр желісіндегі ажыратылуларға және Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) 500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитіне 2100 МВт мөлшеріндегі қуат жүктемеден тыс түсірілуіне (белгіленген нормадан 7 есе жоғары) әкелді», - деген ақпарат берді компанияның баспасөз қызметі.
Жүйелі апаттар кезінде «KEGOC» АҚ электр желілері мен Қазақстанның оңтүстігіндегі электр станцияларының апатқа қарсы автоматикасы энергия жүйесін бөлу жөніндегі талаптарды ескере отырып, штаттық режимде іске қосылды. Осының арқасында еліміздің оңтүстік тұтынушыларының шамамен 60%-ын электрмен жабдықтауды сақтай отырып, Қазақстанның оңтүстік аймағы тұтынушыларының толық ажыратылуына жол берілмеді. Бұл ретте Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйелері толығымен тоқтан ажыратылды.
«KEGOC компаниясына апатты жоюға және Қазақстандағы барлық тұтынушыларға қойылған шектеулерді алып тастауға 4 сағат қажет болғанын, сондай-ақ бұған Қазақстан БЭЖ-і Жүйелік операторы персоналының жоғары кәсіби шеберлігінің нәтижесінде қол жеткізгенін атап өткен жөн. Ал Қырғызстан ҰЭТ-те схема мен режим бір тәуліктен астам уақыттан кейін қалпына келтірілсе, Өзбекстан ҰЭТ-те тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды қалпына келтіру төрт күнге созылды», - делінген «KEGOC» АҚ жариялаған хабарламада.