Қаңтарда мемлекеттік бюджетке 1 трлн теңге түсті – Қаржы министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл қаңтар айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке шамамен 1 трлн теңге түсті. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлім етті.

Бюджеттен спорт түрлеріне қанша қаражат бөлінеді
Фото: gov.kz

«Мемлекеттік бюджетке шамамен 1 трлн теңге түсті, жоспар 111,5% орындалды. Республикалық бюджетке кірістер 521 млрд теңгені құрайды (жоспар 78,4%). Жоспар бойынша кірістер 143 млрд теңгеге орындалмады, оның ішінде салықтар бойынша 151 млрд теңге. Биыл экономиканың үздіксіз өсуіне қарамастан, негізгі экспорттық тауарларға бағаның төмендеу үрдісі сақталып отыр. Мәселен, осы жылы қаңтарда металлдың бағасы орта есеппен 10,3%-ға төмендеді», - деді Мәди Такиев Үкімет отырысында. 

Министрдің айтуынша, бағаның төмендеуіне ірі компанияларда туындаған логистика мен республикалық бюджеттің негізгі салықтары бойынша болжамды көрсеткіштердің орындалмау факторы әсер етті.

«Бұл дегеніміз корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы. Бұл ретте қаңтар айынан бастап біз қосылған құн салығы бойынша өткен кезеңнің борыштарын қайтарып жатырмыз. Қосылған құн салығын қайтаруды жеңілдету үшін бірінші тоқсанның соңына дейін оны қайтару қағидаларына тиісті өзгерістер енгіземіз», - дейді ол.