Қаңтардағы ҰБТ: Алматыда 19 оқушы смартфон мен шпаргалка алып кірген

 ҰБТ
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда ҰБТ-ға смартфон, шпаргалка алып кірген талапкерлер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова айтты. 

«ҰБТ өткізу барысында 27 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 19 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 8 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды», - деді ол. 

Айтуынша, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алды. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

«2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізілетін болады. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады», - деп ескертті Н. Дидарбекова.

Соңғы жаңалықтар