15:47, 29 Желтоқсан 2025 | GMT +5
Қаңтардағы ҰБТ-ға өтініш қабылдау аяқталуға жақын
АСТАНА. KAZINFORM — Қаңтар ҰБТ-сына өтініш қабылдау ертең аяқталады. Осыдан кейін тестілеу пунктін, күнін және уақытын өзгерту мүмкін болмайды, деп хабарлайды Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.
— Қаңтар ҰБТ-сына өтініш қабылдау 30 желтоқсан сағат 23:59–да аяқталатынын естеріңізге саламыз. Осыдан кейін тестілеу пунктін, күнін және уақытын өзгерту мүмкін болмайды. Бейіндік пәндер мен тестілеу тілін өзгерту Сіздің тестілеу күніңіз басталғанға дейін 24 сағат бұрын мүмкін болады. Өтініш беру кезінде өте мұқият болуыңызды сұраймыз, — деп ескертті ведомство.
Бұдан бұрын Сенатта БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова 2027 жылы ҰБТ форматы өзгеруі мүмкін екенін айтқан еді.