Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Семейде «Тигр» арнайы көлігі ұрланған
«Қаңтар оқиғасы кезеңінде Шығыс Қазақстан облысының екі ірі қаласында агресивті 2500 адам мен полицияның қақтығысы бір уақытта болғанын атап өткім келеді. Нәтижесінде, 5 қаңтар күні Семей қаласының әкімдігі басып алынды, 12 полиция автокөлігі зақымданды, «Тигр» арнайы көлігі ұрланды. 124 полиция қызметкері мен Ұлттық гвардияның әскерилері дене жарақаттарын алды», - деді Е. Қилымжанов.
Оның айтуынша, Өскемен қаласында шабуылдаушылар әкімдіктің, Халық банкінің, «Сулпак» дүкенінің ғимараттарына, коммерциялық нысандарға және 10 қызметтік автокөлікке зақым келтірді. «Бекет-2» стационарлық полиция бекеті жойылды.
«Осы кезеңде облыста 7 адам қаза тапты. Полиция ғимараттарында қаза болған 3 азаматқа қатысты тергеуді Бас прокуратураның арнайы прокурорлары жүргізіп жатыр. 4 адамның мәйітіне қатысты деректерді полиция органдары тергеуде», - деді Бас прокуратура өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу органдарының іс жүргізуінде 5 041 қылмыстық іс бар.
Сонымен қатар Е.Қилымжанов қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысында 16 адам қаза болғанын нақтылады.