12:26, 19 Сәуір 2022 | GMT +5
Қаңтардағы тәртіпсіздіктерді телеграм канал арқылы ұйымдастырған күдікті ұсталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар оқиғасы кезінде Телеграм каналы арқылы құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық білдіру үшін толық нұсқаулықтар таратылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жамбыл облысының тұрғыны 2022 жылғы 4 қаңтарда Алматы қаласында болып, Телеграмм каналды ашып, оған санаулы сағаттарда бірнеше мың қатысушы жазылды. Осы канал арқылы оның қатысушылары баррикадаларды құру, «Молотов» коктейльдерін дайындау және құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық білдіру үшін толық нұсқаулық алып отырған. Кейін биылғы 5-6 қаңтарда аталған канал арқылы қиратушылардың қозғалысы және олардың Жамбыл облысының мемлекеттік объектілеріне жасаған шабуылдарын барысы туралы ақпарат жүрді», - деді Е. Қилымжанов.
Оның айтуынша, күдікті адам анықталып, қамауға алынды.
«Осы өңірде «Газель» автокөлігінің жүргізушісі «С» және оның жақтасы «К» есімді азаматтар анықталды. Олар аталған көлікпен жүріп, алдын ала дайындалған арматураны, ұрланған полицияның қалқандары мен бронжилеттерін таратқан. Сондай-ақ, құқық қорғау қызметкерлерінің жүруін қиындату үшін, олар автокөлікті жолдарды жабуда қолданған.
Қылмыстық істерді талдау нәтижелері осы қылмыстарды жасаудың ұқсас тәсілдері қайғылы оқиғалар болған басқа өңірлерде де байқалатынын көрсетті. Бұл мән-жайлар олардың үйлестірілуін және бірыңғай жоспардың болғандығын байқатты», - деді Бас прокуратураның өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, қаңтар оқиғасына қатысты сот санкцияларымен 627 күдікті адам қамауда отыр.