Қаңтардың 1-інен бастап Қазақстанда алғаш рет қамау түріндегі жаза енгізіледі

Бұл туралы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Комитет төрағасы Мейрам Аюбаевтың, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі өкілдерінің және комитеттің облыстық аппараттары басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген республикалық селекторлық кеңесте осы тақырыпқа баса назар аударылды.
Аталмыш заң жалпы қылмыстық 199 құрам және 20 әскери қылмыс бойынша санкцияларға қамау түріндегі жаза енгізуді қарастырады. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 46-шы бабының негізінде, қамау түріндегі жаза сот тағайындаған жазаның барлық мерзіміне (1 айдан 6 айға дейін) қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайында осы жаза түріне сотталған тұлғаға қолданылады. Жазалаудың бұл түні пенитенциарлық жүйенің тергеу абақтыларында жүзеге асырылатын болады. Дегенмен, олар қамауда отырған басқа санаттағы тұлғалардан бөлек ұсталады. Атап айтқанда, ерлер мен әйелдер бөлек отырғызылады, сондай-ақ түзету орындарында бұрын болған тұлғалар бөлек ұсталады.
Кеңесте атап көрсетілгендей, тергеу абақтыларында қамау түріндегі жазалауды орындау үшін жеке учаскелер әзірленіп, ол жайларда жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді, басқа да ұйымдастырушылық мәселелер шешілді, сондай-ақ Қамау түріндегі жазалауды орындаудың ережесі жасалды.
Бұл заң сотталған адамдарды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес, қылмыстық құқықтық ықпал ету шараларының тиімділігін күшейту, сондай-ақ қылмыстық атқару жүйесі мекемелері қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында әзірленген.