Қаңтардың аяғында Иранда Каспий теңізінде бекіре балығын аулауға моратрий енгізу мәселесі қаралады

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Юрий Ромашов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, өткен жылдың сәуір айында Қазақстан мен Иран мемлекеті басшыларының кездесуінде Елбасы Н. Назарбаев Каспий теңізінде бекіре балығы түрлерін аулауға мораторий енгізу бастамасын көтерген болатын. Биылғы жылғы қаңтардың 25-27-сі аралығында Каспий теңізінің су биоресурстары бойынша комиссияның отырысы өтеді деп күтілуде. Онда талқыланатын мәселелердің күн тәртібінде бекіре балығын аулауға мораторий енгізу тақырыбы да қарастырылған.
«Бізде биоресурстарға квота үлестірумен айналысатын Каспий теңізінің су биоресурстары бойынша комиссия бар. Маусым айында Ирандағы кезекті отырыста Қазақстан делегациясы аталған мәселені комиссияның қарауына ұсынды. Сонда қатысқан делегациялар өздерінің ұстанымдарын айқындауға бұл мәселені өздерінің мемлекеттік органдарымен талқылау үшін шамалы үзіліс алуды сұраған болатын»,-деді Комитет төрағасы.
Ю. Ромашовтың айтуынша, Ресей тарапы еліміздің бұл бастамасын қолдап отыр және олар осы мәселе бойынша бекіре балығын аулауға біржақты ретте мораторий енгізді.
«Сонымен бірге, нақтылай келгенде бұл балықты аулау көлемі азаймай тұр және оның көлемі жылына 286 тоннаны құрайды. Олардың бізге берген мәліметтеріне қарағанда, ауланған балық ғылыми мақсаттарға, ұдайы өндіріске, сондай-ақ тауарлық өндірісті дамыту үшін бағытталып отыр», -деді ол.
Ал Иран жағы болса, Қазақстан бастамасын жалпы алғанда қолдап отыр. Бірақ та жазда олар мораторий енгізуден тартынып қалды. Түрікменстан да сол ұстанымда болған, алайда олар мораториді қолдауға дайын. Әзербайжан жағы бұл мәселені кезең-кезеңмен шешуді ұсынуда.