Канвон-2024: Биатлоншыларымызға биыл жүлде бұйыра ма
Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында ең көп жүлде сарапқа салынатын спорт түрлерінің бірі биатлон, деп хабарлайды Kazinform.
Аталған Қысқы ойындарда биатлоннан ел намысын 6 спортшы қорғайды.
Олар:
Алема Қарабаева
Ильяс Хасенов
Эвелина Мезенцева
Антон Редькин
Мария Воробьева
Кирилл Зотов
Канвон Олимпиадасында биатлоннан 6 жүлде жиынтығы сарапқа салынатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейінгі Олимпиада ойындарында биатлоннан жасөспірімдеріміз 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған болатын.
Атап айтсақ, 2012 жылғы Инсбрук (Аустрия) Олимпиадасында Галина Вишневская бір өзі 1 күміс, 1 қола (биатлон, спринт бағдарламасы, 6 шақырым) – 17:55,2 және (биатлон, із кесу бағдарламасы, 7,5 шақырым) – 27:44,4 жеңіп алды.
Ал 2016 жылы Лиллехаммер (Норвегия) Олимпиадасында Арина Пантова (биатлон, спринт бағдарламасы, 6 шақырым) – 18:40,6 қола медальға қол жеткізді.
Азия құрлығы алғаш рет қабылдайтын жастар ойындарына Қазақстан 10 бағдарламада 42 спортшы апарады. Ал делегация сапында ресми өкілдер, бапкерлер, дәрігерлер мен БАҚ өкілдерін қосқанда 80-нен астам адам болады.
Барлығы бәсеке кезінде 79 мемлекеттен жиналған 1900-ге жуық атлет күш сынасады деп жоспарланған.