Канвон-2024: Қазақстан хоккейшілерінің алғашқы қарсыласы анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында сынға түсетін қазақстандық хоккейшілеріміздің алғашқы қарсыластары белгілі болды.
Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткендей, 20 қаңтар күні Қазақстан командасы турнирдегі алғашқы матчын Польшаға қарсы өткізбек.
Бапкерлер 16 жасқа дейінгі 13 хоккейшіні құрамға қосты.
Олар:
Қақпашылар: Никита Кулаков, Арсений Кучковский
Қорғаушылар: Темірлан Айболұлы, Әділхан Саттар, Расул Тұрсынов, Арман Төлен, Матвей Решетько
Шабуылшылар: Әнуар Ахметжанов, Таир Бигаринов, Егор Кравченко, Роман Мичуров, Жахангер Тілеухан, Бексұлтан Мақыш
Бас бапкер: Рамазан Қайдаров.
Естеріңізге сала кетейік, Канвондағы қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтеді.
Аталған жарысқа әлемнің 50 мемлекетінен 1 800 спортшы қатысады. 7 спорт түрінен (15 дисциплина) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын конькимен жүгіруден Петропавлдан ұлттық құраманың мүшесі Кристина Шумекова мен оралдық шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан алып шығады.