Канвон-2024: Қазақстандықтар Олимпиадада қола жеңіп алған хоккейшілерді күтіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының халықаралық әуежайында елорда тұрғындары Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында 3×3 хоккейден алғаш рет қола жүлдеге қол жеткізген спортшыларды қарсы алды.
«Жасөспірімдер Олимпиадасында алғаш рет бақ сынап, барлық қарсыластарымызбен соңына дейін айқастық. Алғашқы Польшамен өткен кездесуде ірі жеңіске жеткенімізбен, Аустриямен теңдей ойында 8:9 есебімен жеңілдік. Бірінші жеңіліс командамызға эмоциялық тұрғыда әсер етті. Дегенмен, қола жүлде үшін ойында қайта жолығып, есемізді қайтара алдық. Қандай қорытынды шығаруға болады? Салыстырмалы түрде біз Латвиядан кейін ең көп 104 шайба соққан команда атандық. Әйтсе де, көптеген мүмкіндіктерді қолдана алмадық. Кемшілігіміз — қорғанысымыздың тұрақсыздығы. Себебі, 9 ойында қақпамызға 83 шайба өткізіп алдық. Тіпті чемпион атанған Латвиямен бірінші кезеңде ұтқанымызбен, кейін бірнеше шайба жібердік. Жалпы, Олимпиадада Қазақстан ұлттық құрамасының тізіміне еніп, ел намысын қорғағанымды мақтан тұтамын!», - деп хоккейші Жаһангер Тілеухан ағынан жарылды.
Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 5 түрі мен 10 дисциплина бойынша 41 спортшы қорғап жатыр.
Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша бақ сынауда.
Канвон қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы 19 қаңтар күні тұтанған болатын. Дода 1 ақпанда мәресіне жетеді. Аталған жарысқа әлемнің 80-ге жуық елінен 1 800-дей спортшы қатысуда. 7 спорт түрінен (15 дисциплина) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынуда.