Канвон-2024: Керлингтен отандастарымыз қарсыластарын бірінші рет ірі есеппен ұтты

КАНВОН. KAZINFORM – Бүгін Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында керлингтен аралас жұптық бәсекеде жерлестеріміз бірінші рет қарсыластарын ірі есеппен ұтты.

Зимняя юношеская Олимпиада-2-24: Мерей Тастемир и Ибрагим Тастемир, керлинг
Фото: ҚР Туризм және спорт министрі

Осы орайда бірден айта кетейік, қазақстандық спортшылар керлингтен қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бірінші рет өнер көрсетіп жатыр. Сондай-ақ, бүгінгі жеңісі — осы Олимпиада ойындарының топтық кезеңіндегі алғашқы ірі жеңісі.

Бүгін ел намысын қорғаған Мерей Тастемір мен Ибрагим Тастемір жұбы Италия құрамасын 10:2 есебімен қапы қалдырды.

Ертең Астана уақыты бойынша 9:30-да құрамамыз шешуші ойынды Данияға қарсы өткізеді.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін қазақстандық керлинг шеберлері Швейцарияға 1:9 есебімен жол берсе, Аустрия құрамасынан 4:5 есебімен ұтылды. Ал германиялық құрдастарына қарсы сында 4:8 есебімен есе жіберді.

Айта кетейік, Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 5 түрінен 10 дисциплина бойынша 41 спортшы қорғап жатыр.

Канвонда қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы 19 қаңтар күні тұтанған болатын. Жарыс 1 ақпанда мәресіне жетеді.