Дайындығым өте жақсы, бабымдамын — шорт-трекші Ерасыл Шыңғысхан

АСТАНА. KAZINFORM. Бүгін Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтетін жасөспірімдер арасында IV Қысқы олимпиада ойындарына ұлттық құрама ойыншыларын ресми шығарып салу рәсімі өтті. Осы орайда IV қысқы жастар Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің көк туын ұстап шығатын спортшыларымыздың бірі — шорт-трекші Ерасыл Шыңғысханмен шағын сұхбат алудың сәті түсті.

жасөспірімдер олимпиадасы
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

— Ерасыл, жаңа ғана Туризм және спорт министрінің қолынан еліміздің көк байрағын алдың. Қандай сезімдесің?

— Бұл мен үшін үлкен абырой екенін айтқым келеді. Сондай-ақ маған жүктелген зор міндет деп білемін. Сәл қобалжу да жоқ емес. Олимпиада ойындарында еліміздің байрағын қалай көтеріп шықсам, жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің туын солай желбіретіп қайту — басты арманым. Жалпы, Туымызды алып шығу — мені жеңіске жетелейді деген үміттемін.

— Олимпиада ойындарында Туды кез келген спортшыға сеніп тапсыра салмайды. Осы орайда таңдау қалай өзіңе түскенін айтып өтсең?

— Негізі, Олимпиада ойындарында еліміздің Туын алып шығамын деген ойымда болмаған. Осылай таңдау жасалғанын бапкерімнен естігенде не айтарымды білмей қалдым. Ең бастысы осыған дейінгі жетістіктерімді ескере отырып, сондай-ақ алдағы ойындардан зор үміт күтетіндіктен таңдаудың бірі маған бұйырған болар деп ойлаймын.

— Осыған дейін қандай жетістіктерге қол жеткіздің?

— Шорт-тректен спорт шеберіне кандидатпын. Өз құрбыластарым арасында Қазақстан чемпионы атандым. Сондай-ақ халықаралық жарыстарда да үздіктер қатарынан көрініп келе жатырмын. «Азия балалары-2023» халықаралық жарысында күміс жүлдегер атандым. Басқа да жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп келемін. Енді Олимпиада ойындарында жүлде алғым келеді.

— Дайындығың қалай?

— Олимпиадаға соңғы оқу-жаттығу жиындарын Астанада «Алау» мұз сарайында өткіздік. Дайындығым өте жақсы. Қазір бабымдамын деп айта аламын.

— Шорт-трек спортымен айналысқалы қанша уақыт болды?

— Шорт-трекпен айналысып келе жатқаныма биыл тура 7 болады. Бұл спорт түрінің барлық қыр-сырын меңгеріп меңгеріп болдық. Енді тек жарыстарда елімізге медаль сыйлау ғана қалды.

— Бұл Олимпиадада басты қарсыластарың қай елдің спортшылары болуы мүмкін?

— Ең басты қарсыластарымыз әрине мұзайдын иелері, яғни кореялықтар екені даусыз. Сондай-ақ қытайлықтар да біз үшін мықты қарсылас атана алады. Жалпы, Олимпиадаға барған барлық командалар — біздің ең мықты қарсыластарымыз.

— Бейжің Қысқы Олимпиадасында спортшылар Ұлттық құрама формасының сапасыз екенін айтқаны есімізде. Ал сіздерге берілген форма туралы не айта аласыз?

— Бұл форма маған қатты ұнады. Ыңғайлы, жеңіл, жылы екен. Түсі де көңілімнен шықты.

— Әңгімеңе рахмет! Жеңіспен оралуларыңызды тілейміз!

Соңғы жаңалықтар