Канвон Олимпиадасы-2024: Қай спорт түрінен медаль күтеміз

Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында қай спорт түрлерінен кімдер медаль алуы мүмкін екені айтылды, деп хабарлайды Kazinform.

шорт
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Спортты дамыту дирекциясы таратқан мәліметтерге сүйенсек, аталған додада жүлдеден басты үміткер спортшыларымыз — шорт-трек шеберлері.

«Бұл жолы Ұлттық құрама 4 шорт-трек шеберінен үміт күтеді. Төрт жыл бұрын Лозаннаға Санжар Жанысов пен Мария Горбунова ғана барған. Мейіржан Төлеген, Ерасыл Шыңғысхан, Анастасия Астраханцева мен Полина Омельчук – жоғарыда айтылған еліміздегі IV қысқы жастар спорт ойындарының жеңімпазы мен жүлдегері. Осы тұста Мейіржан Төлеген мен Ерасыл Шыңғысхан үшін алғашқы халықаралық кешенді жарыс емесін айта кеткен жөн. Қос атлет былтыр ақпанда Ресейдің Кемерово қаласында болған «Азия балалары» ІІ қысқы ойындарында жасындай жарқылдаған. Мейіржан – сол кезде қазақ шорт-трекшілер арасындағы жалғыз алтынның иегері», - деп атап өтілген хабарламада.

Сондай-ақ, шорт-тректен Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Данабек Хайров та шорт-трекшілердің алдағы Олимпиадаға дайындығы ойдағыдай жүріп жатқанын мәлім етті.

«Қазір дайындық жоспар бойынша өтіп жатыр. Маусымның ортасы болғандықтан бәрі бабында. Бізде ұлдар мен қыздар бірдей жоғары қарқында жарыса алады. Мақсат біреу ғана. Барынша жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз. Осы жолы шорт-тректен жекелей сында 1500 метрге жарыс қосылды. Бұл біз үшін тағы бір жақсы жаңалық. Алдын тек 500-1000 метрге жүлде сарапқа салынған», - дейді шорт-тректен Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы.

Сонымен қатар конькимен жүгіруден бақ сынайтын спортшылар да жүлдеге лайықты екені айтылды.

Бүгінгі таңда олар өз жас санатындағы халықаралық жарыстарға барып, тәжірибе жинап үлгерген. Мәселен, Михаил Матрюхин былтыр Ресейде өткен «Азия балалары» ІІ қысқы ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізіп, бәсекеге дайын екенін көрсеткен.

«Спорттың бұл түрінен Оңтүстік Кореяға баратын қыз-жігіттерді былтыр желтоқсанда Қазақстан Кубогында іріктедік. Келе жатқан ойындарда барлығының жүлде алатын мүмкіндігі бірдей. Қазір дөп басып айту қиын. Біздің спортшылар осыған дейін халықаралық жарыстарға қатысып көрген. Руслан Жанаділов, егіздер Алина Шумекова мен Кристина Шумекова бірнеше ай бұрын Италияда өткен жастар арасындағы Әлем Кубогы кезеңдерінде жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Алина мен Кристина жүлделі орыннан көрінді. Қазір бәрі Астана қаласында Дирекция ұйымдастырып жатқан оқу-жаттығу жиынында жүр», - дейді конькимен жүгіруден Мемлекеттік жаттықтырушы Кенжеш Сәрсекенова.

Делегация сапындағы Алема Қарабаева, Илья Мизерных, Илья Шильников және Мерей Тастемір сынды өзге спортшылар осыған дейін шетелде бірнеше мәрте сынға түсіп, бапкерлер назарына іліккен.

Естеріңізге сала кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы биыл 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтеді. Ал Францияның Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада осы жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтсе, ХVІІ Жазғы Паралимпиада биыл 28 тамыз - 8 қыркүйек аралығында өтеді.

Канвон қаласында ел намысын қорғауға 42 атлетіміз аттанады.

Бүгін Олимпиадаға баратын спортшыларымыздың есімі анықталды.

Соңғы жаңалықтар