Қаныш Сәтбаев энциклопедиясы жарық көрді

  АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандағы жеке тұлғаларға арналған энциклопедиялар қатары бүгін Алматыда «Қаныш Сәтбаевпен» толықты.

Қаныш Сәтбаев энциклопедиясы жарық көрді

«Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас редакторы  Бауыржан Жақыптың айтуынша,  ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бұл еңбек Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерән басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылып отыр.

«Бұл энциклопедияның басты ерекшелігі - Қаныш Имантайұлының балалық шағынан бастап, есею және тұлға ретінде қалыптасу жолдары мен қоршаған ортасы түгел қамтылған. Сондай-ақ қоғам және мемлекет қайраткерінің еңбектері жинақталып, ол туралы ғылыми пайымдаулар берілді. Бұл рухани өміріміздегі үлкен оқиға, жаңалық деп бағалауға болады», - дейді Б. Жақып. Қаныш Сәтбаев энциклопедиясын шығару ісі «Қазақ энциклопедиясы» баспасында осыдан 13 жыл бұрын басталған болатын. Алайда материалдардың жеткіліксіздігінен бұл үрдіс кейін тоқтап қалған еді. 45 жылдық тарихы бар бұл мекемеде  тәуелсіздік жылдары «Абай» және «Мұхтар Әуезов»  тұлғалық энциклопедиялары жарық көрді.