Капитан Америка туралы үшінші фильм түсірілмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Капитан Америка туралы үшінші фильм түсірілетін болды. Marvel басшылығы «Капитан Америка: Қысқы жауынгер» картинасын көргеннен кейін, келесі бөлімді түсіру қажет деп шешіпті. Бұл туралы kinostan.kz сайты хабарлайды.
Сайттың мәліметінше, екінші фильмнің режиссерлері - ағайынды Энтони Руссо мен Джо Руссоға үшінші картинаны да түсіруге ұсыныс жасалған. Бірақ, бұл ақпарат әзірге ресми расталған жоқ.
Айта кетейік, «Капитан Америка: Қысқы жауынгер» («Captain America: The Winter Soldier») 2014 жылы 26 наурызда жарыққа шығады. «Капитан Америка: Қысқы жауынгер» - 2011 жылы жарық көрген «Капитан Америка: Бірінші кек алушы» («Captain America: The First Avenger») фильмінің сиквелі. Қазір аталмыш жобаға Крис Эванс, Сэмюэл Л. Джексон, Скарлетт Йоханссон тәрізді танымал актерлер рөлдерді сомдаған «Кек алушылар» фильміндегі белгілі қаһармандар қатысатыны аян болып отыр.