Қапшағай қаласының әкімі есеп берді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков тұрғындар алдында қорытынды есепті жиынын өткізді.
Шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Т. Қайнарбеков 60 мыңнан астам тұрғыны бар Қапшағайда өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарлары туралы баяндады. Оның хабарлауынша, өткен жылы өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 50 млрд. теңгеге жуықтап, 2015 жылмен салыстырғанда 132,3 % құраған. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 22,8 млрд. теңгеге жетіп, оның ішінде бюджеттен тыс инвестиция 51,2% болды. Жүзеге асырылған жобалардың ішінде «АННАР» жел электр стансасы, «Грин Лэнд Алатау» ЖШС мен «LSTmarket» жылыжайларын кеңейтудің 2-ші кезеңдерін атап өтуге болады. Аталмыш жобаларды жүзеге асыру барысында 145 жаңа жұмыс орны құрылған.
Қазіргі кезде өнеркәсіп өндірісі әлеуетін арттыру мақсатында қаланы бірнеше секторға бөліп қарастырып, дамыту жоспарланып отыр. Олар: Қапшағай өңірі, Заречный ауылдық округі және «Арна» индустриалды аймағы.