«Қапшағай қауіп теңізіне айналып барады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 16-сы, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың директоры Абай Байгенжинмен арадағы сұхбат жарияланған. Жүрек маманы «бүгінде біз жасайтын операциялардың сапасы Ресейден 11 есеге артық. Оларда жүрек операциясы кезінде болатын өлім - 11 пайыз. Ал бізде - бір-ақ пайыз», - дей келіп, «қазір арнайы бағдарлама аясында республикамыздың 14 облысында жүрекке операция жасайтын бөлімдер аштық. Бұл арқылы жүрек аурулары проблемасын алқымдадық деп айта аламыз. Бірақ алдымызда әлі де үлкен проблемалар бар. Ол - балалардың кардиохирургиясын ашу. Сол жағалауда жасалып жатқан клиниканың негізін балалар кардиохирургиясына айналдыру керек деп есептеймін. Қазіргі таңда балалар кардиохирургиясы ауадай қажет. Өйткені еліміздегі балалардың жүрек ауруы өзекті мәселеге айналды», дейді. Сұхбаттың толық нұсқасын басылымның бүгінгі санынан «Бізге балалар кардиохирургиясы ауадай қажет» деген тақырыптан оқи аласыздар.

Сондай-ақ осы басылымның екінші бетінде «Қапшағай қауіп теңізіне айналып барады» деген мақала басылды. Онда өткен жылдармен салыстырғанда, биылғы суға түсу маусымы Алматы облысында қайғылы оқиғаларға толы болғаны айтылған. Мәліметтерге сүйенсек, Жетісу өңірінде бар болғаны үш айдың ішінде жүзге жуық адам суға кеткен. Қаралы тізімге іліккендердің көпшілігі ажалын Қапшағай демалыс орнындағы суқоймасынан тауыпты. Сондай-ақ Алматы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары таратқан мәліметке сүйенсек, өткен суға түсу маусымында облыс көлеміндегі өзен-суларда барлығы 158 төтенше оқиға тіркелген. Құтқарушылардың көмегіне 192 адам жүгінсе, оның 91-ін дария жұтып қойған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 21 адамға көп. Алматы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент баспасөз қызметінің бас маманы Нұрлан Серпербаевтың айтуынша, қайғылы оқиғалардың көптігі жағынан Қапшағай бірінші орында тұр. Мұнда 29 адам батып кеткен. Сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданында - 11 және Іле ауданындағы өзен-суларда 10 адам суға кеткен.

***

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинаға жасаған екікүндік ресми сапары аяқталды. Киевтегі басқосу екі жаққа да өте тиімді һәм пайдалы болғанын баса айтқан жөн. Тараптар үшін маңызды деген басты-басты бірнеше құжаттарға қол қойылды», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде басылған «Украина - Қазақстанның ТМД кеңістігіндегі негізгі саяси және экономикалық серіктестерінің бірі» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, келіссөздер барысында күн тәртібіндегі негізгі халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасылған. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ, ТМД және өзге де ұйымдар аясында Қазақстан мен Украинаның ынтымақтастығы жөнінде сөз болды. Елбасының ресми сапары жайында егжей-тегжейлі оқып білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.

«2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төраға болып отырған Қазақстан 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымын басқармақ. Қазақстанның Ислам конфе­ренциясы ұйымының жанындағы тұрақты өкілі Бақыт Батыршаев Жиддада аталмыш ұйымның Бас хатшысының орынбасары Хамид Опелойерумен кездесті. Кездесу кезінде Х.Опелойеру мырза Ислам конференциясы ұйымы қоғам­дастығы Қазақстанның қарқынды дамуын, оның экономикалық әлеуеті мен халықаралық беделінің біртіндеп нығаю үдерісін қана­ғат­танарлықпен қадағалап отырғанын хабарлады», деп жазады «Айқын» газеті «ИКҰ-ға төрағалық тұсында қандай бағыттарға басымдық беруіміз керек?» деген тақырыптағы мақаласында. Төрағалық тұсындағы басым бағыттар жайында білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.

Әлемде қызықты деректер өте көп. Оларды түгел тізіп шығу үшін том-том кітап жазу керек шығар. Дегенмен осындай қызықты мәліметтерді жиып-теріп жүретіндер де бар. Сол сияқты, біреуге қызық көрінген деректің біреуге түкке тұрғысыз көрінуі мүмкін. Ендеше, сондай көп деректің бір парасын оқып, білгіңіз келсе, «Айқын» газетіндегі «Қырық құрау қызықтар...» деген деректерге назарларыңызды салыңыздар. Мәселен, басылымның жазуынша, адам күніне орта есеппен 13 рет кү­летін көрінеді. Әтеш алдымен мойнын созбай ша­қы­ра алмайды екен. Егер тіліңіздің түсі күлгін болса, ол «таза» деген сөз, ағарып тұрса, бак­терия қабаты түзілгендігінің белгісі. Әйелдерге құлаққағыс - пияз ту­рау барысында көз ашымас үшін сағыз шай­наған жөн екен. Бал асқазанда неге тез қоры­тыла­ды? Өйткені оны аралар қорытып үл­герген.

***

«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, қалаға жылу беру маусымы ағымдағы жылы қазанның 15-інде басталмақ. Осы жауапты кезеңге тиісті мекемелердің әзірлігі жаман емес. Дегенмен дайындық жұмыстарын тағы бір пысықтап, туындаған мәселелерді талқылау үшін Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов арнайы алқалы жиын өткізген. Бұл жайында басылымның бейсенбілік нөміріндегі «Қала қысқа қапысыз қамданды» деген тақырыптағы мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

***

«Кеше Нұрсұлтан Назарбаев түркі тілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы саммитіне қатысу үшін Ыстамбұлға келді», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, осы күні Мемлекет басшысы Түркияның президенті Абдолла Гүлмен кездескен. Ал бүгін «Чираган» сарайында өтетін саммитке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан Республикасының Президенті Илһам Әлиев, Түрік Республикасының Президенті Абдолла Гүл, Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отынбаева, Түрікменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхаммедов қатысады.

Соңғы жаңалықтар