Қапшағай көлінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтарға айыппұл салынды
Алматы облысының Қапшағай су қоймасының акваториясында рейдтік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «2023-2024 жылдың күзгі және қысқы балық аулау кезеңінде облыстың негізгі су айдындарында рейдтік іс-шаралар өткізу кестесіне» сәйкес Қапшағай су қоймасының акваториясында рейдтік іс-шаралар өткізілді.
«Рейд барысында ТЖД қызметкерлері балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБК-нің 412-бабы (Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 72 мың 450 теңге айыппұл салумен 3 жеке тұлғаны әкімшілік жауапқа тартты. Бұл іс-шаралар балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы қағидаларды халыққа жеткізу мақсатында тұрақты негізде жүргізіледі», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ТЖД-да қоғамдық орындарда балық аулау кезіндегі мінез-құлық ережелерін түсіндіру бойынша тұрақты негізде жұмыстар, төтенше жағдайды алдын алу және балық аулау кезінде судағы қауіпсіздіктің негізгі ережелерін сақтау бойынша БАҚ арқылы белсенді профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылғанын хабарлады.
Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтардан балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.