Қапшағай, Шелек, Есік және Ұзынағаш Алматы үшін контрмагнит қалаларға айналуы тиіс - А. Есімов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматының сәулет-жобалау қауымдастығының өкілдері қала басшысы Ахметжан Есімовті 2030 жылға дейінгі қала құрылысы Бас жоспарының кезеңаралық Тұжырымдамасымен таныстырды.
Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жобалар Алматы аумағының кеңеюіне байланысты Бас жоспарға түзетулер енгізіле отырып ұсынылды. Жобаларды жасаушылар контрмагнит қалалар құру, қоғамдық көліктердің қолжетіміділігін арттыру, магистральды көшелер мен жолдар құрылысы, жылдам жүретін көлік түрлері қозғалысының сызбасын жасау және абаттандыру мәселелеріне байланысты оңтайлы шешімдер ұсынды.
Қала басшысы ерекше қала құрылысы аймақтары Бас жоспарды ескере отырып жасалуы тиіс екендігін жеткізді. Оның айтуынша Қапшағай, Шелек, Есік және Ұзынағаш қалалары Алматы үшін контрмагнит қалаларға айналуы тиіс, яғни миграциялық лекті реттеуде маңызды роль атқарады. Өйткені олар Алматыдан алшақта орналасқан.
«Кейбір контрмагниттер Алматы шекарасының сыртында орналасқан. Бірақ шын мәнісінде қалаға жалғасып кеткен десе де болады. Сондықтан Бас жоспарда қаладан жырақ жатқан контрмагниттер де ескерілуі тиіс. Алматы облысының әкімдігіне де бұл мәселелерді барынша жіті қадағалау ұсынылады. Өйткені, ол жерлерде бей-берекет құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оларды тоқтатып, аталған елді мекендердің бас жоспарларын қарап шыққан жөн. Өйткені олар тіпті ескерілмейді», - деді Ахметжан Есімов.
Шара соңында Алматы әкімі сәулетшілерге айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді ескере отырып, жобаларды қайта толықтырып жасауды тапсырды. Негізінен, жобаларда тиісті инфрақұрылымдар, «жасыл аймақты» ұлғайту, қоғамдық көліктің қолжетімді болуы жоспарлануы қажет.
Бұлардан өзге, қала басшысына 2015-2020 жылдарға арналған «Ескі үй» инвестициялық бағдарламасының алдын ала жасалған жобасы да көрсетілді.
Естеріңізге сала кетелік, 2012 жылдың ақпан айында «Алматы қаласы аумағында 2012-2015 жылдары ескі үйлерді сүру» қалалық бағдарламасы бекітілген болатын. Бұл жоба өзін тұрғын үй қорын жаңартудың тиімді әдісі ретінде көрсете білді, Сондықтан жобаны одан әрі жалғастыру жөнінде шешім қабылданды.