Қапшағайда демалушыларға арналған жаңа жағажай ашылды
«Жағажайдың бойында 200-ден астам автокөлікке арналған автотұрақ, жаздық кафе, сауда нүктелері, жағажай волейболы мен футбол орталығы, балалар алаңдары, су аттракциондары орналасқан. Онымен қоса, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құтқару стансасы, алғашқы көмек көрсету медициналық бөлімшесі сынды 20-дан аса нысан халыққа қызмет етеді. Болашақта жағажай аумағында дене шынықтыру және сауықтыру кешені, мұз айдыны бар спорт сарайы сияқты нысандарды жалғап тұратын қонақ үй салу көзделуде. Сондай-ақ, спортты жанына серік еткендер үшін теннис, баскетбол орталықтары, арнайы көлемді спорт залы, 600 орынға лайықталған амфитеатр салынбақ», - деді жаңа жағажайдың ашылуында сөйлеген сөзінде Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков.
Жалпы Қапшағай қаласында 150-ге тарта демалыс нысаны болса, былтыр олар 500 мыңға жуық туристке қызмет көрсеткен. Ал биыл жаңадан ашылған жағажайда туристердің легі екі есеге дейін артады деп күтілуде.