Қапшағайда көлге батып бара жатқан үш адам құтқарылды

ҚОНАЕВ.ҚазАқпарат - Қапшағай су қоймасында үш жігіт құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қапшағайда көлге батып бара жатқан үш адам құтқарылды

«9 маусым күні сағат 14:40-та Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Қапшағай су қоймасының қалалық жағажайында үш жігіттің суға батып бара жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына дереу құтқарушылар жіберілді», - делінген Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, Қонаев қаласының жедел-құтқару күшімен 2001 жылы туған екі жігіт және 2002 жылы туған ер бала жағадан бес жүз метр қашықтықтан құтқарылды.

«Катамаранмен сырғанау кезінде олар аударылып, өз беттерінше жағаға орала алмаған. Жүзу құралдарының 2 бірлігінде 4 құтқарушының күшімен жастар жағаға жеткізілді. Олар медициналық көмекке мұқтаж болмады», - деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Алматы облысы ТЖД азаматтардан судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды.