Қапшағайда мұз үстінде қалып қойған балықшы құтқарылды
ҚОНАЕВ. KАZINFORM – Қапшағайда балық аулауға барған ер адам өздігімен жағаға жете алмай қалған.

Алматы облысы ТЖД-ның мәліметінше, 16 ақпан күні сағат 08:52-де Қапшағай су қоймасының «Голубой залив» учаскесі аумағыңда сынған мұздың үстінде 1949 жылы туған ер адамның қалып қойғаны туралы хабарлама түседі.
Оқиға орнына Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жіберілді.

Белгілі болғандай, ер адам түнгі уақытта балық аулауға келген. Таңертең мұз сынып кеткен соң, ер адам өздігінен жағаға шыға алмай, құтқару қызметіне хабарласқан.
«Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының 8 құтқарушысы, 2 техникасы мен жүзу құралдарының күшімен балықшы жағаға жеткізілді. Медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ», - деп хабарлады Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Алматы облысының ТЖД халықты су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтап, жұқа мұздың үстіне шықпауға кеңес берді.