Қапшағайда су көліктерінің пайдаланылуын бақылау жөнінде іс-шара өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Маусымның 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Қапшағай су қоймасында су көліктерінің пайдалануын бақылауға арналған дәстүрлі «Скутер» акциясы өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті ұйымдастырып отыр. Шараның мақсаты ? спорттық және серуендеуге арналған шағын өлшемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын қадағалау. Сондай-ақ демалыс аймақтарындағы адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауды қамтамасыз ету. Шағын өлшемді кемелер санының өсуімен бірге жыл сайын жазатайым оқиғаларға ұрындыратын тәртіп бұзушылықтардың да саны артуда. 2007 жылы су көлігі оқиғасынан бір адам көз жұмса, 2008 жылы осындай 12 жағдай тіркеліп, 13 адам опат болған. Биыл тек Қарағанды облысының суларында ғана 6 адамның өмірін қиған екі оқиға орын алды. Мәселен, сәуірдің 22-сінде Балқаш көлінде «казанка» қайығы аударылып, 4 адам суға батты, 2 адам ауруханаға жеткізілді. Ал сәуірдің 28-інде Шашубай кентінде су қоймасынан шыққан байдарка жағалаудан 30 метрдей жерде аударылып, екі адам суға батып, біреуі құтқарылды, дейді «Скутер» акциясын ұйымдастыруға ұйтқы болып жүрген Алматы облысының көліктік бақылау инспекциясының бастығы Саймасай Әлмұхамбетов. Оның айтуынша, сәуір айындағы дерек бойынша, елімізде есепте 24 166 шағын өлшемді кеме мен 94 тұрақ базалары бар. Өткен жылы шағын өлшемді кемелердің саны 22 001 болатын. Былтыр «Скутер» акциясы кезінде республика бойынша шағын өлшемді кемелер мен олардың тұрағы үшін базаларды (құрылғыларды) пайдалану ережесіне қатысты 183 құқық бұзушылығы анықталды. 56 кемеге кемшіліктерді түзегенге дейін пайдалануға тыйым салынды.