Қапшағайда тұрғын үйлер мен басқа да нысандарды су басу қаупі жоқ - әкімдік

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Қонаев қаласында шығыс бағыттан секундына 24 метр жылдамдықпен жел соқты. Салдарынан жағажайларда толқынның әсерінен су көтерілді.

су тасқыны
Фото: Қонаев әкімдігі

Осыған байланысты қала әкімі Асхат Бердіханов жедел құтқару жасағының дайындығын көріп қайтты.

«Қазіргі таңда тұрғын үйлер мен нысандарды су басу қаупі жоқ. Жағдай қала әкімдігі мен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қатаң бақылауына алынды», - деп хабарлады Қонаев әкімдігінен.

су тасқыны
Фото: Қонаев әкімдігі

Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мәліметі бойынша, қазір Қапшағай су қоймасының деңгейі – 478,98 метр, көлемі – 18 млрд 420 млн текше метр.

Іле өзенінен судың орташа келуі секундына 586 текше метр. Қапшағай ГЭС-нан суды жіберу көлемі секундына 900 текше метр.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қапшағай су қоймасының жағажайларында су деңгейі көтерілгені көрсетілген видео тараған болатын.

су тасқыны
Фото: Қонаев әкімдігі