Қапшағайда үш жұмысшының қазасына байланысты тексеру басталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қапшағай қаласының 10-шы кәріз-насос станциясында жоспарлы тазалау жұмыстарын жүргізу барысында мерт болған 3 жұмысшының қазасына байланысты тексеру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Үш слесардың өліміне байланысты жұмыс тобы құрылды. Еңбек инспекциясының тарапынан тексеру басталды», - деп мәлім етті Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ал Қапшағай қаласы әкімінің баспасөз қызметі қаза болған жандардың толық аты-жөнін жариялап, тиісті мекеме тарапынан марқұмдардың жақындарына көмек көрсетілетінін жеткізді.
«Қазіргі күні орын алған жайттың себептерін тиісті мамандар мен Қапшағай қалалық ішкі істер бөлімі және медицина қызметкерлері анықтап жатыр. Қаза болған 1967 жылғы Эдуард Тюменбаевтың әйелі мен қызына, 1964 жылы туылған Бауыржан Алихановтың 3 қызы мен жұбайына және 1965 жылғы Талғат Ахметовтың қызы мен жолдасына «Қапшағай Су арнасы» МКК басшылығы қажетті көмек көрсетіп, марқұмдардың жерлеу рәсіміне де көмектеседі» делінген аталған ведомствоның ресми ақпаратында.
Естеріңізге сала кетейік, біз бұған дейін Қапшағайда кәріз құдығын тазалап жатқан үш жұмысшының мерт болғанын хабарлаған болатынбыз.