Қапшағайдағы казинолар Қонаев қаласына қанша салық төлеп отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі Қонаев қаласындағы ойын бизнесі нысандарын тексеріп жатыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталына талқылауға шығарылған Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл бойынша 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарда айтылған.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – заң) букмекерлік кеңселер, тотализаторлар, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассалары Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауындағы және Ақмола облысының Бурабай ауданындағы арнайы ойын аймақтарына шығарылды. Бүгінгі күні 2021 жылдан бастап жүргізілген профилактикалық, бақылау және тексеру шараларының нәтижесінде 36 ойын мекемесі, оның ішінде 28 - букмекерлік кеңсе, 6 - тотализатор және 2 ойын автоматтары залы лицензиялардан айырылды», - делінген құжатта.
Биыл наурыз айында Туризм және спорт министрлігі Қонаев қаласында орналасқан белгілі сауда белгілерімен жұмыс істейтін 3 букмекерлік кеңсені және 1 ойын автоматтары залын ойын бизнесі саласындағы заңнаманы сақтау және қылмыстық кірістерді жылыстатуға (заңдастыруға) қарсы іс-қимыл тұрғысынан жоспарлы тексеруді бастаған.
«Алматы облысындағы ойын аймағының аумағында Қапшағай су қоймасының жағалауында 4 казино, 3 ойын автоматтары залы және 10 букмекерлік кеңсе жұмыс істейді. олар 2023 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша жалпы сомасы 96 млрд теңгеге салық төлеп, Қонаев қаласында тікелей 6 000-ға жуық жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр», - делінген кешенді жоспарда.