Қапшағайдағы ойынханалардың біріне қарақшылық шабуыл жасалды - апталық брифинг

АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Тәртіп сақшылары Қапшағай қаласындағы «Фламинго» ойынханасын тонаған қарақшыларды қолға түсірді.
None
None

Бұл оқиға жөнінде бүгін  журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, оқиға тамыздың 22-сі күні Қапшағай қаласында болған. Онда беттеріне бетперде киіп, «Калашников» автоматымен қаруланған үш азамат ойынханаға кіріп келіп, қабырғаға қарата бірнеше рет оқ атып, мекеменің күзетшілері мен ондағы азаматтардың барлығын еденге жатқызған. Сол мезетте қылмыскерлердің бірі алдын ала дайындап әкелген балғасымен кассаның әйнегін сындырып, 30 миллион теңгеге жуық ақшаны алады да қылмыскерлердің барлығы көзден ғайып болады. Тексеру кезінде оқиға орнынан «Оса» тапаншасының 3 оғы мен «Калашников» автоматының 6 оғы және 24 гильза табылады.

«Осы күні таңғы сағат 7-00 шамасында Қарасай аудандық ішкі істер бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі келіп өзін екі жолаушының ұрып-соғып, «Мазда» автокөлігін тартып алғандығын айтып, шағымданады. Жәбірленуші сонымен қатар қарақшылардың денеге зақым келтіретін тапаншаларының болғандығын да айтты. Қарақшылар көлік иесінің қол-аяғын байлап, аузын тығындап, қала сыртына апарып, талға байлап кетіпті. Аталған қылмыстарға жүргізілген талдаулар екі қылмыстың да бір топтың әрекеті екендігін көрсетті. Осыған орай «Фламингода» болған қарақшылық шабуылдың мән-жайын анықтауға Ішкі істер министрінің нұсқауымен Қылмыстық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов пен аса ауыр қылмыстарды ашу жөніндегі арнайы мақсаттағы қызметкерлер жіберілді», деді департамент бастығы.

Оның деректерінше, Қапшағай қаласында жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының  бесінші күні Қылмыстық полиция комитетінің өкілдері арнайы мақсаттағы «Сұңқар» жасағының көмегімен үш күдіктіні ұстады. Олар өздерінің алдын ала жоспарланып, жасалған қарулы қарақшылық шабуылдарын мойындарына алды. Ал келесі күні Байқоңыр қаласынан осы қылмысқа қатысы бар 4-ші азамат ұсталған. Қазіргі таңда  қарақшылардың республика аймағында жасалған өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Соңғы жаңалықтар