Қапшағайдағы сарбаздың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрлігі 32363 әскери бөлімі сарбазы Н.А. Оразғалиевтің өліміне қатысты ҚР ҚК-нің 440-бабы 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Бұл туралы Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.
Тергеу анықтағандай, әскери бөлім аумағындағы шаруашылық жұмыстар кезінде Оразғалиев пен бөлімше командирі (келісімшартпен қызмет ететін әскери) арасында кикілжің пайда болып, соңғысы Оразғалиевтың бетінен ұрған. Салдарынан әскери қызметкер есінен танып қалды.
Сол күні ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128 бабындағы тәртіп бойынша әскери қызметкер, аталған қылмысты жасауда күдіктіні ұстады.
Қазір әскерилердің арасында болған мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.