«Қар астында неге қалады?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 18 қараша, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жұмыс бірлесе атқарғанда тиімді» деген материал берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Асхат Дауылбаев пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровты қабылдады.
Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған партиялық бағдарламасы аясындағы жұмысты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
- Өткен жылдар ішінде елімізде парақорлықтың тамырын жою тұрғысынан алғанда біраз жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, заңға өзгерістер енгізу, шенеуніктер мен кәсіпкерлер арасындағы байланысты азайту арқылы сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары қатайды. Лауазымы мен еңбегіне қарамастан, барлығын да жауапқа тартатын заң қолданысқа енді. Жалпы, бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде, оның нәтижесі көрініп тұрғандықтан, қоғам тарапынан оң баға беріліп отыр, - деді Қазақстан Президенті.
«Егемен Қазақстан» газетінде «Тау теңселткен толағайлар» деген көлемді мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қарашаның 16-сы, жексенбі күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ауыр атлетикадан ерлердің 81-ші, әйелдердің 24-ші әлем чемпионаттары үлкен абыроймен мәреге жетті. Жер шарының 78 елінен келген 538 атлеттің қатысуымен өткен жаһандық жарыста әлемнің 15 рекорды жаңарды. Олардың 11-і ересектер арасында жасалды. Осы тоғыз күн бойына спорт сарайы көрермендерге лық толы болды.
Қазақстан құрамасы біріншілікте 3 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алып, командалық есепте 3-орынға орналасып, өзінің алдына қойған мақсатын толық орындап шықты. Онда Зүлфия Чиншанло, Жасұлан Қыдырбаев, Илья Ильин сынды саңлақтарымыз алтын жүлдегер атанса, Жазира Жаппарқұл және Владимир Седов секілді атлеттеріміз күміс медальға қол жеткізді. Бұл Қазақстан құрамасының 2016 жылы Риоде-Жанейрода өтетін Олимпиялық ойындар үшін қажетті ұпай қорының іргесін қалауына негіз болды.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда мол астық жиналса, ол апатқа теңеседі: жанар-жағармайдың уақтылы жеткізілмеуі нәтижесінде, қырманға дер кезінде орақ түспей, егін жиналмай, қар астында қалады. Ал жиналғанының өзінің бір бөлігі элеваторлар мен сақтау орындарының жетіспеуі кесірінен далада шіриді. Кеше Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында» палата төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының басшысы Дариға Назарбаева осыны ашық айтты. Бұл жиында қалаулылар алдында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков есеп берген болатын. Оның пікірінше, Еуразиялық одақтың құрылуы, ДСҰ-ға кіру қарсаңында отандық агроөндірушілер бәсекеге қабілеттілік деңгейлерін көтеру жайын қарастырулары керек.
- Қазіргі кезеңде мемлекеттің реттеуші және қолдаушы рөлі өте маңызды, - деді бұған жауап ретінде Д.Назарбаева. - Жеке сектор шаруашылықпен өзі айналысуға тиіс, бірақ бұл үшін мемлекет оған қажетті бастапқы шарттарды жасағаны жөн. Оған мемлекеттік қолдау шараларын және құралдарын түсіндіру, тіпті серіктес табуда көмек көрсету керек. Өйткені осындай таныстықтар орнайтын халықаралық конференцияларға сапарлап жүруге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің барлығында бірдей мүмкіндігі бола бермейді. Оның үстіне еңбек адамдарының көбі шет тілдерін білмейді.
Дегенмен, Д.Нұрсұлтанқызы министрге де аяушылық білдірді: «Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру бағытындағы жұмыстардың шағын болса да, нәтижесі бар екендігін айта кеткен жөн. Мен кейде министрлікті аяймын, себебі жанжақтан қысым, шабуылдар жүруде, істің мәнісін министрден басқаның бәрі білетін сияқтанып кетеді, алайда нақты не істеу керектігін айтып жатқаны шамалы». Бірақ бұл әрине, АШМ басшысын сынескертпелерден құтқара алмады. Бұл жайында «Қар астында неге қалады?» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Алыптар елі» деген мақала жарияланды. Зүлфия Чиншанло әлем рекордын жаңартты, үшінші рет әлем чемпионы атанды! Жазира Жаппарқұл қазақ қыздарынан бірінші болып әлемдік доданың күміс жүлдесін жеңіп алды! Жасұлан Қыдырбаев ересектер арасындағы алғашқы жарысында-ақ әлем чемпионы атағына қол жеткізді! Илья Ильин жаңа салмақ дәрежесінде алтын алып қана қоймай, бір бағдарламада әлем рекордын бірден 4 келіге жаңартты! Владимир Седов әлем чемпионатындағы жетіспей тұрған медалін толықтырды - Қыдырбаевтың салмағында күміс алды!
«Мұның сыртында үздік төрттікті түйіндеген Кирилл Павловты, алғашқы алтылыққа ілінген Карина Горичева мен Анна Нұрмұхамбетованы, Арли Чонтейді естен шығармаңыз. Лондондағы тамаша жеңісінен кейін спортқа оралып, салмақ ауыстырса да, үздік сегіздікке кірген Майя Манеза ше? Ересектер тобына тұңғыш рет араласса да, ондықтан ойып тұрып орын алған Альберт Линдер тағы бар. Азия ойындарынан кейін сәл босаңсыған Маргарита Елисееваны мүлде ұмытып кетуге және болмайды», - деп жазады газет.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Мамандықтың бәрі жақсы ... Алайда заман талабын да ескерген жөн» атты көлемді мақала басылған. «Жастар болашақ мамандығын дұрыс таңдай біле ме? Әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына да байланысты екені анық. Сол себепті мамандық таңдау оңай емес.
Шыны керек, кейбір жастарымыз жақсы маман иесі болсам деп ойлай бермейді. Әйтеуір, бір мамандықты таңдай салып, диплом алып шықсам болды дейді. Сонда саны көп, сапасы жоқ дипломнан не пайда? «Түйір нан - тамшы тер» демекші, жақсы маман иесі болу үшін көп ізденіс, оқу, білім алу, ең бастысы мамандыққа деген сүйіспеншілік қажет», - деп жазады мақала авторы.
-0-