Қар, боран: «Алматы-Ташкент-Термез» трассасы жабылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында ауа райының бұзылуына байланысты көлік қозғалысы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, бүгін сағат 16.30-дан бастап ауа райының нашарлауына байланысты (қар, боран, жолдың нашар көрінуі) «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 160-238 шақырым аралығында, яғни Кенен және Благовещенка кенттері арасындағы учаскеде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа тыйым салынды.

Еске салайық, бүгін Жамбыл облысында қатты дауыл соғып, салдарынан Тараз қаласында нысандардың жартысынан көбі электр жарығынан ажыратылды, электр тасымалдау желілері істен шықты, көптеген ғимараттың шатыры жұлынып, ағаштар құлады, автомобильдер бүлінді.

Дауыл салдарынан қазіргі уақытта бірқатар аудан жарықсыз және көгілдір отынсыз отыр.

Осы уақытқа дейін қарлы боранда жолда қалып қойған 26 адам құтқарылды.

Сондай-ақ бүгін Түркістан облысында боран салдарынан 44 елді мекен жарықсыз қалып, жолдар жабылды.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласында 23 бағыт бойынша электр энергиясын беру тоқтатылды. Мектептер онлайн оқуға ауыстырылды.



Соңғы жаңалықтар