Қар көшкіні жүруі мүмкін: ШҚО-да тағы да жол жабылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні жүру қаупіне байланысты тасжолдардың бірі жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, республикалық маңызы бар «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары» тасжолында қар көшкіні жүру қаупі артты.
«Соған орай бүгін сағат 20.00-ден бастап аталған жолдың 430-450 шақырымында көліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа тыйым салынды. Өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес береміз», - делінген ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік , осыған дейін ШҚО-дағы тасжол маңында жасанды жолмен 4 рет қар көшкіні түсірілген болатын.