Қар көшкінінен мерт болған сарбаздарға қатысты сот басталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысындағы қар көшкінінің астында қалған сарбаздар өліміне қатысты сот отырысы басталды. Шымкент гарнизонының әскери сотында қайғылы жағдайға кінәлі ретінде майор Бақыт Шойбековтың ісі қаралуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Қар көшкінінен мерт болған сарбаздарға қатысты сот басталды

Сотта белгілі болғандай, айыпталушы Жамбыл облыстық 91 678 әскери бөлімінің  штаб бастығы қызметін атқарған. Қайғылы жағдай орын алған күні  әскери бөлімнің командирі қызметтік іс сапарға кетуіне байланысты басшылық міндет осы лауазым иесіне жүктелген. Алайда Бақыт Шойбеков ауа райының боранды болуын ескерместен, 15 сарбаздың Көксай шатқалындағы кезекті жаттығуға шығып кетуіне жол берген деп айыпталуда. Сот отырысына айыпталушы әскери қорғаушысымен келді. Қазір ол кепіл ретінде босатылып, сотқа қатынап жүр. 

Еске салайық, 16 ақпанда 91 678 әскери бөлімінің 7 сарбазы Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында жоспарлы әскери дайындық жүргізу барысында қар көшкінінің астында қалып көз жұмған еді. Олардың денесін 5 сағаттан кейін қазып алынған. Ал, денесі үсіп қалған 8 сарбаз құтқарылған болатын. 

Сотта айыпталушы ретінде сөйлеген Оңтүстік аймағының әскери прокуроры Ермек Жанатаев таудағы кезекті жаттығулар тек 20-шы ақпаннан басталуы керек болған еді деп атап өтті.

«Тау шатқалындағы жаттығулар әскери бөлім командирі майор Марат Бралинов бекіткен жоспар бойынша 20 ақпаннан басталуы керек болған. Алайда сарбаздар ол жерге  көрсетілген мерзімнен бұрын шығып кеткен. Яғни, майор Шойбеков сарбаздардың арнайы жаттығуға талапқа сай күні шығуын, олардың жаттығу кезінде сақтық шараларын қолдануын қадағаламаған. Әскерлердің өлімінің, жарақат алуының алдын алмаған. Ол өзінің қызметіне немқұрайлы қарағаны үшін айыпталып отыр», - деді әскери прокурор Ермек Жанатаев. 

Сот отырысы кезінде әскери бөлімнен келген өкіл қайғылы жағдай болған күні жоғалған мүліктер мен қарулардың қайтарылуына байланысты, әскери бөлімнің мүліктік дауы жоқ екенін айтты. Және аталған әскери бөлімнің офицерлік құрамы істі қарап жатқан судья Гулмира Усмановадан  айыпталушыға бас бостандығынан айыру жазасын қолданбау жөнінде өтініш түсіргенін жеткізді.

Істі қарау кезінде айыпталушы өзінің кінәсін толығымен мойындады. Оның себебін, командирдің міндетін атқарушы ретінде әскери бөлімдегі барлық жағдайды толық қадағалай алмағандығымен түсіндірді.

Сонымен қатар Бақыт Шойбеков істі қараушы судьядан үкім шығарар кезде өзінің бұған дейінгі мінсіз қызметін, қарауында екі перзенті мен егде жастағы анасының, мүгедек бауырының бар екендігін ескеруді сұрады.

Келесі сот отырысы 21 тамызға белгіленді.