Қар көшкіні: Шығыс Қазақстанда сәуір келсе де, тауға шығуға болмайды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарына әлі де тауға бармау қажеттігі ескертілді.

Шығыс Қазақстанда қар көшкіні түсіріледі
Фото: Pixabay

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 8 сәуірге дейін өңірдің таулы жерлерінде қар көшкіні жүру қаупі бар.

«Метеорологиялық жағдайдың өзгеруіне, күннің күрт жылуына және желдің күшеюіне байланысты облыстың таулы жерлерінде қар көшкіні түсуі ықтимал. Осы ретте тұрғындарға барынша абай болуды, алдағы 3 күн бойы ешбір жағдайда тауға шықпау қажеттігін ескертеміз. Себебі таудың басым бөлігінде әлі де қар жатыр» деп хабарлады ведомство өкілдері.

Сондай-ақ құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.