Қар көшкіні түсіріледі: Шығыс Қазақстандағы жолдардың бірі жабылады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы тасжолдардың бірінде жасанды жолмен қар көшкіні түсіріледі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, күн күрт жылытып, қар жылдам ери бастағандықтан өңірдің таулы жерлерінде көшкін жүру қаупі артқан.
- Соған байланысты 17 наурызда сағат 10-00-де Катонқарағай ауданындағы жергілікті маңызы бар «Согорное-Барлық» тасжолының 9-17 шақырымындағы тау бөктерінде жарылыс жасалып, қар көшкіні түсіріледі. Сондықтан аталған жол учаскесі көліктің барлық түрі үшін жабық болады. Көлік жүргізушілерінен өз бағытын алдын ала жоспарлап алуды сұраймыз, - делінген ақпаратта.
Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.
Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары өңір халқына көктемде мұзға шығу қаншалықты қауіпті екенін түсіндіргені хабарланған.