Қар құрсауында жазғы дизельді пайдаланатын жүргізушілер жиі қалады – ТЖМ
АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігі ауа райы туралы ескертулерді елемейтін көлік жүргізушілеріне үндеу жасады.
«Ауа райы болжамы бойынша мониторинг тұрақты жүргізіліп тұрады. Соған орай жолдардағы автокөлік қозғалысына қатысты тиісті шаралар қабылданып жатыр. Қар үйінділері көбіне Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысы аумағында автокөліктер қозғалысына кедергі келтіруде. Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, жазғы дизельді пайдаланатын жүргізушілер негізінен қар құрсауында қалады», - деді Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Жомарт Асқаров ОКҚ-де өткен брифингіде.
Оның айтуынша, төтенше жағдайлар мамандары полицейлермен бірлесіп қар құрсауында қалған 94 автокөлікті алып шығып, жол сілтеді. Сондай-ақ спикер кейбір көлік жүргізушілерінің дауыл, боран туралы ескертуді елемей жолға шығатынын тілге тиек етті.