Қар, суық климат, қолайлы жаттығу: Теннистен Монако құрамасы Қазақстанға келді

АСТАНА. KAZINFORM – Теннистен Монако ұлттық құрамасының ойыншысы, белгілі спортшы Валантен Вашро Қазақстандағы жаттығу жағдайларын жоғары бағалап, әлемдік теннисте бәсекелестік деңгейінің өсіп келе жатқанын атап өтті.

Қар, суық климат, қолайлы жаттығу: Теннистен Монако құрамасы Қазақстанға келді
Фото: ҚТФ

– Керемет жағдай жасалған. Біз күн сайын жаттығып жатырмыз. Бұл менің мансабыма жақсы әсер етеді деп ойлаймын, - деді В.Вашро елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Теннисші жергілікті климатқа да үйренгенін айтты.

– Мен қарды жақсы көремін. Теңізге қарағанда таудың ауа райы жаныма жақын. Әрине, мұнда қатты суық. Біз сыртта көп жүрмейміз, бірақ маған осындай табиғат көрінісі ұнайды, - деді ол.

В. Вашро Шанхай турниріндегі табысты ойынынан кейінгі формасы туралы сұрақтарға жауап берді. Ол сондай-ақ өткен жеңістеріне баса мән бермейтінін жеткізді.

– Әр матчтың өз ерекшелігі болады. Түрлі жаңа оқиғаларға кезігесің. Жеңіс спортшының бойына сенімділік ұялатады. Бірақ алаңға 100 пайыз жеңемін деп ойлап шықпаған жөн, - деді ол.

Сонымен бірге, ол қазіргі заманғы теннистегі өзгерістерге тоқталып, ойыншылар арасындағы айырмашылықтың азайғанын атап өтті.

– Бүгінде ТОР-10, ТОР-50 немесе ТОР-100 ойыншылары арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Тіпті 300 немесе 400-ші орын алған ойыншылар да дәл солай тырысады. Айырмашылық бұрынғыға қарағанда әлдеқайда азайды, - деді Монако құрама командасының ойыншысы.

Өз кезегінде Монако құрамасының капитаны Гийом Куйяр команда жоғары дәрежелі қарсыластармен ойнауға дағдыланып жатқанын, бұл ұлттық құраманың деңгейін көтеруге ықпал ететінін айтты. 

Еске сала кетейік, 6-7 ақпан күндері Астанада теннистен Дэвис кубогы іріктеу кезеңінің матчтары өтеді. Онда Қазақстан өз алаңында Монако командасын қабылдайды. Ойындар Астана қаласындағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында өтеді. 

Өз алаңында өтетін матчтарға Қазақстан құрамасы барынша мықты құраммен шығады. Елордалық кортта Александр Бублик, Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев, Тимофей Скатов, Дмитрий Попко және Денис Евсеев өнер көрсетеді.

Қазіргі таңда Қазақстан ерлер құрамасы Davis Cup Nations Ranking рейтингінде 31-орында тұр. Ал Монако құрамасы 44-сатыға жайғасқан.

Сондай-ақ Қазақстан теннистен әлемдегі үздік елдердің қатарына енді.

Соңғы жаңалықтар