Қар суы қостанайлықтарды әбігерге түсіруде

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласы төтенше жағдайлар басқармасының кезекші бөліміне қар суының молаюына байланысты өткен демалыс күндері 25 қоңырау түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қар суы қостанайлықтарды әбігерге түсіруде

Қостанайда салқын ауа температурасы сақталғанымен, күндіз күннің жылынуына байланысты қар еріп, тұрғындарды әбігерге түсіруде.

«Тек 31 наурыз бен 1 сәуір күндері тұрғындардан 25 хабарлама алдық. Олардың барлығына адам бөлініп, арнайы техникалар жіберілді. Қар суынан зардап шеккен тұрғын үйлерге қажетті құрылыс материалдары жеткізілді. «Әуежай» шағын ауданы мен Халыққа қызмет көрсету орталығы маңындағы автокөлік жолдарынан су жүріп кетті. Мердігерлік ұйымдар жедел қызмет етті. Су сорғыш техникалары жұмылдырылып, су жиылған аумақтарға инертті материалдар әкелінді», - деді қалалық ТЖ басқармасындағылар.

Ведомстводан мәлім етілгендей, осы күндері қалалық әкімдікте тасқынға қарсы штаб құрылды. Тұрғындар 112 және 109 нөмірлеріне хабарласып, қажетті ақпараттарын алады.