Қар тазалау бойынша мердігерлік ұйымдардың жұмыстары қанағаттандырмайды - Астана қаласының әкімі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласы әкімі Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте қала басшысы аудан әкімдері мен өзінің орынбасарларының назарын бюджеттік қаржыны игеруге аударды, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.
None
None

Алдағы бюджетті сапалы жоспарлау үшін барлық басшылар жеке жауапты екендігін атап өткен әкім Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында бюджет қаржысын ең алдымен тұрғындардың өмірі мен елорданың инфрақұрылымын жақсартуға бағыттап, осы жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізуді тапсырды.

Кеңесте елорданы дамыту мәселелері сөз болды. Қаланың қарқынды дамуы мен кеңеюін назарға ала отырып, Астананың мәртебесін реттейтін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек. Сонымен қатар Ә.Жақсыбеков Құрылыс басқармасының білім нысандарын тапсыру мерзімдерін жүйелі бұзатынын атап өтті. Өткен жылы 3 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған болатын, соның ішінде біреуі ғана (№71 мектеп) ашылды. Қала басшысының айтуынша, бұған мемлекеттік органдар тараптарынан жүйелі тәсілдің, мониторингтің, өзара әрекеттесудің және бақылаудың болмауы себеп. - Бүгінде біреу құрылыс жүргізсе, басқалары инженерлік желілер тартуы керек. Бірақ бұл жасалмай жатыр. Салынып жатқан нысандардың маңайына көлікпен де, жаяу да жолай алмайсың, - деді қала басшысы. Астана әкімі тағы да қала тұрғындарының өтініш-тілектеріне толығырақ тоқталып өтті. Оның атап өтуінше, әрбір арыз орындаушылар үшін бірінші кезекте тұруы керек. - Елорда тұрғындарының мәселелерін қағаздағы шығармашылыққа айналдырудың қажеті жоқ. Біздің басты мақсатымыз қала тұрғындарының әрбір мәселесін нақты шешу, тек осылай ғана халықтың сеніміне кіріп, жақсы басшы бола аламыз, - деді ол.

Өткен аптада елорда әкімі қар құрсауларын тазарту үшін қосымша жұмыс күші мен техниканы тарта отырып, ауа райының өзгеруіне дайын болуды тапсырған болатын. - Қар тазалау тәсілі өзгермеген. Техника бұрын белгіленген маршрут бойынша жүреді. Таңертең кейбір көшелермен жүру мүмкін емес. Жалпы, қар тазалау бойынша мердігерлік ұйымдардың жұмыстары қанағаттандырмайды, - деді Астана әкімі. Елорда әкімі жылу энергиясымен қамтамасыз ететін компаниялардың басшыларына электр энергиясы мен су беруді жоспарлы ажыратулар бойынша ескерту жасады. Ә.Жақсыбеков бұл тәсілдерді ТЖ теңестіріп, мұндай жағдайларды болдырмауды, қысқа дайындық жұмыстарын көктем-жаз маусымында жүргізуді тапсырды. Кеңес қорытындысы бойынша тиісті құрылымдардың барлық басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, әкімдіктің бақылауына алынды.

Соңғы жаңалықтар