«КаР-Тел» байланыс операторы Google Translate аударма қызметіне қазақ тілін енгізуге бағытталған жобаның серіктесіне айналды
АЛМАТЫ. 24 қараша. ҚазАқпарат - «КаР-Тел» компаниясы Google Translate аударма қызметіне қазақ тілін енгізуге бағытталған «Google Translate+Kazakh» жобасының серіктесіне айналды.
Жоба Google компаниясының техникалық қолдауымен, ҚР Президенті Әкімшілігінің, «Wikibilim» қоғамдық қоры мен «Қазконтент» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылмақ.
«Президент Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімовтің басқарауымен біздің қор мемлекеттік тілді, білім беруді, мәдениет пен инновациялық технологияларды қолдауға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінде бизнес-компаниялардың да осы бағытта жұмыс жасай бастағаны қуантарлық жағдай. Бірақ Google Translate жүйесіне қазақ тілін енгізу үшін жүйеге мәліметті үлкен көлемде салу қажет. Жобаның табысты іске асырылуы оған қоғам өкілдерінің кеңінен жұмылдырылуына байланысты», - дейді «Wikibilim» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы.
«КаР-Тел» ЖШС-ның PR-менеджері Анар Жұмағұлованың айтуынша, Google Translate жаһандық онлайн-аудармашының «тілдер отбасына» қазақ тілін енгізуге бағытталған әлеуметтік жобаны қолдау әрбір қазақстандық қатыса алатын 7-ші игі іс болмақ. Жаһандық онлайн-аудармаға қазақ тілін енгізу бойынша жоба интернеттегі қазақ тілді контенттің дамуына үлкен серпін беретініне сенім мол. Серіктестіктің аясында мобильді интернет, сондай-ақ «Үйдегі интернет» қызметінің абоненттеріне Google Translate қызметіне тегін кіру мүмкіндігі беріледі. Beeline және «Wikibilim» сайттарында аталмыш қызметке аударылатын мәтінді қалай енгізуге болатыны туралы егжей-тегжейлі нұсқаулар орналастырылған.
Google Translate - мәтін бөлігін немесе веб-бетті автоматты түрде аударуға арналған Google компаниясының тегін веб-қызметі. Қазіргі кезде аталмыш қызмет құрамында 64 тіл бар, бірақ оған қазақ тілі әлі енгізілмеген. Қазақ тілін Google Translate жүйесіне енгізу үшін ағылшын, орыс тілдерінен қазақ тіліне және аталған тілдерге біздің тілімізден аударылған мақалалар саны белгілі бір шектен асуы шарт.