«КаР-Тел» ЖШС Қазақстан Теннис федерациясымен бірге Буэнос-Айрес қаласына Дэвис Кубогына баратын қазақстандық жанкүйерлер командасын жасақтауда

Бүгін олар Beeline абоненттері мен бұқаралық ақпарат құралдары арасында біріккен акцияны бастады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында аталмыш шараның ұйымдастырушылары мәлім етті.
Акцияларға барлық қазақстандық БАҚ журналистері және теннис жанкүйерлері қатыса алады. Сонымен қатар, теннистің қыр-сырын жақсы білетін Beeline абоненттері де SMS-байқауға қатыса алады. Дұрыс жауапты ең көп берген абонент шілденің 7-9 аралығында Буэнос-Айресте Дэвис Кубогы аясында өтетін Аргентина және Қазақстан құрамалары арасындағы кездесулерге жолдамаға ие болады. Сондай-ақ, осындай жүлделерге Қазақстан теннисі тақырыбындағы үздік жарияланым байқауының 4 жеңімпазы ие бола алады.
«Beeline қазақстандық теннисті қолдау арқылы, салауатты өмір салтын насихаттап, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге атсалыспақ. Спорт біздің компанияның ұстанымы болып саналатын үдемелі даму мен жетілдіру, жаңа жеңістерге ұмтылу сияқты идеяларды насихаттайды», - деді баспасөз мәслихатында «КаР-Тел» ЖШС-нің Бас директоры Анатолий Попов.
Қазақстан Теннис федерациясының вице-президенті Әділ Бүрлібаевтың айтуынша, Теннис федерациясы Қазақстанда жұмыс жасайтын компанияларға қазақстандық теннисшілердің Дэвис Кубогындағы жеңістеріне қоғамның назарын бұруды корпоративтік мақсаттарда ұтымды пайдалану мүмкіндігін ұсынып отыр. «Егер де біздің компаниялар маркетингтік және жарнамалық құралдар арқылы Аргентинаға тым болмағанда бір жанкүйердің жолақысын көтере алса, «Parque Roca» атты 13-мыңдық стадионында қазақстандық жанкүйерлердің қарасы барынша молаяр еді», - деп атап өтті ол.