Қар үздіксіз ерісе Баянауылдағы елді мекендерді су басуы мүмкін
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының билігі елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу шараларын бастап кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Алдағы ауа райы болжамдары мен өткен жылдағы тәжірибелерді есепке ала отырып аймақтағы су басу қаупі бар деген 57 елді мекенді анықтадық. Оның құрамына 1065 тұрғын үй, 58 әртүрлі мақсаттағы ғимарат, 4619 адам кіреді. Сонымен қатар ұзындығы 4,951 шақырымға созылатын 42 автомобиль жолдары және теміржол учаскесі кіреді»,-деп хабарлайды өңірлік ТЖД.
Қазір мамандар қардың қалыңдығынан бастап, қауіпті жағдай туа қалғанда тұрғындарды эвакуациялау бағыттарын, қажетті техниканы сайлау сияқты жұмыстарды пысықтап жатыр. Сонымен бірге жергілікті басшылар қауіпті су қоймаларының басына барып, нысандардың беріктігін бақылауға алды.
Баянауыл ауданында былтырғыға қарағанда қар аз түскен. Соған қарамастан мамандар күн жылынып қар үздіксіз ерісе елді мекендерді су басу қаупінің арта түсетіндігін айтады. Төтенше жағдайлардың алдын алу айлығы 20 наурызға дейін созылмақ.